«Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Зеренді ауылының Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение «Школа - гимназия имени Малика Габдуллина села Зеренда отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области»

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Желтоқсан ақиқаты

26.12.2017

 

                                                        Желтоқсан

ақиқаты

Көне

түркі даласын мекен өткен қазақ халқының да сан ғасырлық өмір көшін басынан

өткізген мол, құнарлы тарихы бар. 

"Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан

елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп,

найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз

асырмаған елміз," - дейді Қазыбек би. Бұл даналық нақылдардан

"ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің" ежелден құт-береке тілеп,

бейбітшілік аңсаған ел екенін көреміз. Бірақ, "Тамырсыз ағаш, тарихсыз

халық болмайды". Жақсысын асырып, жаманын жасырып өктемдеу – тарихқа

жасалған қиянат. Біз оны бар қайғы-қуанышымен, жеңіс-жеңілісімен бірдей

қабылдауымыз керек. Себебі, ол – тұтас құбылыс. Халқымыз өзінің қалыптасу

жолында талай қилы-қилы белдерді асып, тар жол, тайғақтарды кешті. Сонау

сақтардың әйел патшасы Томиристен соңғы хан Кенесарыға дейін, Мұстафа Шоқай мен

Әлихан Бөкейхановтардан Қайрат, Ләззаттарға дейін қанша рет дала қанға бөкті,

жылғалар қан боп ақты, қанша рет ұлан-ғайыр дала азаттықты аңсаған алты алаштың

ақсақ та айбынды ұранына куә боп, қанша рет "елім-ай" деп, шер төккен

халықтың мұңы мен зарына ортақ болды. 

"Біз - қазақ, ежелден азаттық аңсаған" демекші, бірде қайғылы, шерлі,

бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас –

азатыққа жасалған бір қадам. 

Орыс империясының екі басты самұрығы біздің даламызға екі жүзбен келіп қонды.

Бірі жан-жағына білім шашып, нұрын төксе, бір басы жан-жағына от бүркіп,

жалмады. Адам өміріндегі ең ыстық, ең жақын нәрсе – Отан, төрт ана. Осы

дәуірде, әсіресе қызыл империяның қол астындағы жетпіс жылда, Отан өгей анаға

айналып, тұтас бір халық, тамырынан айырылып, қаңғырып, жоғалып кете жаздады.

Ресей бізді, тіпті, қарусыз-ақ жер бетінен өшіруге айналды. "Жаулаған елің

өзіңе бағынсын десең - оның тілі мен дініне қол сұқпа", - деген екен

Шыңғыс хан. Төрт анасынан түбірімен айырылған қазақта енді мәңгүрт, "қазақ

емес" ұрпақ пайда бола бастады. Бірақ, бұл кезде де халқымыздың ауырын

көтерер Қайрат, Ләззат сынды азаматтар табылды. "Өжет адам өлімді жеңеді.

Еліңді сүйсең, ерлік істейсің". Қазақ жастары жылдар өте өзінің

өжеттілігімен, қайтпас қайсар рухымен дегеніне жетті. Ғасырлар бойы қазақ

даласында болған әрбір оқиға, әрбір шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам.

Осындай кішкене адымдармен, бірақ оң жолмен, азаттық жолымен қазақ елі

армандаған мақсатына келе жатты. Желтоқсан оқиғасы осы бір

"соқтықпалы" соқпақтағы ең соңғы ірі адым болды. "Мың өліп мың

тірілген", енді тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен

алды. 

Ал 1986 жылғы "Желтоқсан оқиғасы" тәуелсіздіктің, азаттықтың,

демократиялық жаңғырудың бастауы болды. Ол жас жігіттер ар-намыс пен елдік рух

жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел

мен ұлттың тәуелсіздік хұқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен

қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес

жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті. 

Қазақстанның

жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды

қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы,

оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаевты

орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа

созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының бiрінші хатшысы Д. А. Қонаев

қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г. В. Колбин сайланды. 

Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика

халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен

кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум

шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар,

т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында "Әр халықтың

өз ұлттық көсемі болу керек" деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің

Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды.

Негізінде

алаңға бейбіт жастар шықты. Жалпы күш көрсетеміз деген ой олардың санасында да

жоқ еді. Бірақ наразылық білдірді. Көтерген үнқағаздары болды. «Ленин идеясы

жасасын!» деген үнқағаз ұстағандардың өзі де жауапқа тартылды. 

Жастардың алаңға шығу себептері әртүрлі. Олардың, кейбіреулері мұнда талай

жылдар бойғы шовинистік кеудемсоқтыққа өкпе-наразылығын білдіргілері келсе,

басқалары "ұлттық намысты қорғау” ұранына еліктей аттанды. Шеру саяси

сипатта өтті және ол басқа халықтарға, соның ішінде орыстарға қарсы

бағытталмады. 

17

желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды

бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым

болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері

де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де

растайды. 

Оқиғаның ушығуына, оның тым ауыр сипат алуына деген басты кінәні саяси айтыстан

қашқақтаған, нақты жағдайда біліксіздік танытқан партия мен үкімет органдарының

шенеуніктеріне арту керек. Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен

милицияға қара күш қолдануға рұқсат берілді. Ақыры оқиға кезінде әр ұлттың

өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінде Алматының соттары 326

адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, екі

адам ату жазасына тартылды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам

комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза

берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам,

Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды,

жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. Тек қана Желтоқсан

оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан

шығарылып, 11-і университеттен қуылды.Қазіргі күнге дейін қанша адам

тұтқындалғанын ешкім айта алмайды.  

Билік

басындағылар 1986 жылғы көтеріліс кезінде әдейі арандатушы топ құрып оларды

жастарды ортасына жіберген. Олар әдейі күпәйке киіп: «қашанға дейін осыған төзе

береміз», «орыстар қашанға дейін бізді басына береді» деп өзеуреп, әскерлерге

қарсы мұз лақтырып, бір жағы бұзақылық көрсетіп тұрған. Бұл қасақана

ұйымдастырылған топ мүшелері «Метель» операциясына сай құрылып арнайы арандату

арқылы ұлттардың арасына жік салу арқылы көтерілісті басу ісімен жүзеге

асырылған зымиян жоспардан туындаған еді. 

Алдын

ала ойластырылған үлкен күш Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарға қасақана

жұмылдырылды. Күш қолдану үшін оған негіз болу керек қой. Сондықтан «алаңға

шыққандарды маскүнемдер, нашақорлар және бұзақылар еді» дегізу қажет болды.

Колбиннің тапсырмасымен Желтоқсан көтерілісі қарсаңында зауыттар түні бойы

жұмыс істеп темір таяқ кесіп дайындаған. Қазақтың жігіттері ондай қаруды

қолданудан бас тартқан. Сөйтіп, жастарға күш көрсеткен қарулы топ, негізінен

орыс жасақшылары болып шықты. Олардың көпшілігі қызып кетіп, садизмге беріліп,

көше-көшеде жолыққан, ешкімде шаруасы жоқ бейкүнә адамдардың өзін ұрып-соғып

таяққа жығып, қорлаған. Осылайша екі ұлт ашықтан-ашық бір-біріне қарсы қойылды.

 Алматы

оқиғасының жаңғырығы басқа қалаларға да жетті. Барлық жерлерде студенттер мен

жастар жиналып, ұлттық мәселені жоққа шығарып отырған орталықтың өктем

саясатына қарсылық білдірді. Оған жауап ретінде жергілікті билік органдары

жазалау әрекетіне көшті. Сондай жапа шеккендердің арасында біздің жерлестеріміз де бар,олар,Алматыдағы

Қазақ педагогикалық институтының /КазПИ/ студенты,кәзіргі кезде Қарлыкөл

ауылының тұрғыны тарих пәнінің ұстазы Ерден Төлеген,Қараөзек ауылы тұрғыны

Ташмағамбетов Қайрат,Зеренді ауылының тұрғындары Жансейітов Талғат Баймұратұлы

және 1984-1989 жылдары Алматы мал-дәрігерлік институтының /АЗВИ/ студенттері

болған Жумажанов Ертай Темиржанұлы мен Сүлейменов Бектұрсын Бексұлтанұлы деген

азаматтар.

 Қуғын саясатының салдарынан Ерден Төлеген

ағамыз бірәз уақыт мәжбүр болды мамандығын ауыстырып орталықтан алыс жатқан өлкеде

жасырынып жүрүге.Тікелей оқиғаларға қатысқан Жумажанов Ертай институт

оқытушыларының арқасында және өзі сол кезде тобында жетекші болып

жүрген,қуғын-сүргін саясатынан аман қалды.Сол сияқты оқуын жалғастырды

Сүлейменов Бектұрсын.Ал Алматыдағы оқиғаларды естіп,Көкшетауда алаңға шыққан

ЦСХИ агрономия факультетінің 2-ші курс студенттерінің бір тобы оқудан

қуылды.Солардың арасында Жансейітов Талғат,Жунусов Сәкен.,Ташмаганбетов Қайрат деген

жастар болды.Оларға тағылған айып-«В.И.Ленин атындағы алаңға жиналып қоғамдық

тәртіпті бұзды және Алматыдағы ұлтшылдарды көлдады».

Бүгінгі күні бұл

азаматтар толық ақталған,қоғамға  белсене

қызмет етеді.Ерден Төлеген ағамыз өте білімді ұстаз,өз Отанының нағыз

патриоты.Ағамыздың айтқан жалынды сөздері еш уақытта естен шықпайды,жүректен

өтеді.

 Жумажанов Ертай Темиржанұлы институттан кейін

ішкі істер органдарында қызмет етіп бүгінгі күні зейнеткер,бірақ әліде елдің

көркеюіне өз үлесін қосуда.

 Зеренді ауылының тұрғыны Сүлейменов Бектұрсын

Бексұлтанұлы таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуде және өзінің жеке

малдарігерлік аптекасын ашқан.

 Агрономдар Жансейітов Талғат пен оның

жолдастары 1987 жылы оқуға қайтадан алынып институтты бітіргеннен кейін ауыл

шаруашылығында қызмет етіп,бүгінгі күні жеке фермерлік шаруашылықтардың  иелері.

 Бұл азаматтар Алматы қаласының әкімдігінің

шақыруымен өткен 2011 жылдың 17 желтоқсанында «Желтоқсан оқиғасының» 25

жылдығына арналған кездесуге қатысып төс белгімен марапатталды.Ал жұырда

Төлеген ағамыз Астана қаласында Желтоқсан оқиғасына арналған жиынға қатысты.Төлеген

ағамыздың тарих пәні ұстаздарының  тамыз

айында өткен семинарында оқыған баяндамасын сіздер осы газеттің бетінде

тамашалайсыздар.

 Мүмкін тағыда аты аталмаған Желтоқсан

оқиғасына қатысқан азаматтар біздің арамызда өзінің сағатын күтіп жүр.Қолымыз

келгенше олар түралы жазуға тырысамыз.

Желтоқсан оқиғасына «ұлт-азаттық саяси қозғалыс» деген

баға беріліп отыр. Бұл

– қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын көтеріліс. Қазақ халқы өзінің

тәуелсіздігі, мемлекеттілігі үшін қай заманда болсын, қозғалысын еш уақытта

тоқтатпаған. Бұл - соның айғағы. Егемендікке жетудің жолында жасалған көп

қадамның бірі осы Желтоқсан көтерілісі. Шындығы, бұл – ұлт-азаттық күрес. "Қазақ"

деген қаным бар деп бастап, "Еркек тоқты құрбандық, атам десең

атыңдар" деп аяқтаған қайсар Қайраттың даусы да тым жақында естіліп еді

ғой?! Осы азаттық үшін үнемі күрескен халықтың еншісіне тиген қайғы-қасіретті

көре жүріп, көтере білген халық нағыз қайсар халық емес пе?! Бордай тозып, жоқ

болып кетпей "тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған

халық" нағыз ұлы халық екенін таныта білді. Көрген ауыр хикметінен кейін

де "бас шұлғып, үнсіз көнетін" әдетті бойларына жұқтырған жоқ. Қанына

намыс дарыған, рухына кие енген халық үнемі тәуелсіздікке ұмтылды. Көксеген

тәуелсіздігін алды.

«Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза

жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің

қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола

отырып азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әр түрлі деңгейдегі 300-ден

астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке

бастаған көтеріліс – Желтоқсан көтерілісі», - деді ақиық ақынымыз Мұхтар

Шаханов. Демек бұл әншейін ауыз толтырып айтуға қана жарайтын оқиға емес, бұл

шын мәніндегі елді, бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға

мәжбүр еткен көтеріліс екендігінде дау болмаса керек. 

Қазіргі таңда 16-17 желтоқсанды тәуелсіздік мейрамы етіп жариялады. Сондықтан

16 желтоқсанның қасыретті күн екендігін жадымызда сақтап әрі Тәуелсіздікке қол

жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Бұл

күні қара жамылып отыру орынсыз. Сол себепті де әрі арманға қол жеткізген күн

деп шаттық ретінде атап өтіп, екінші жағынан Желтоқсан құрбандарына да тағзым

ете жүруіміз керек. 

Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да – Желтоқсан.

                                           Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Маданов. Ұлы дала тарихы, Алматы, 1998 ж. 

2. Қазақстан тарихы Очерктер. Алматы 1999 ж. 

3. Мусин Ч. Қазақстан тарихы, Алматы 2003 ж. 

4. Қазақ ССР тарихы, 4-том. Алматы, 1985 ж.

5.Интернет желісінен алған мақала

материалдары

6.Желтоқсан оқиғасына

қатысқандардың естеліктері

              Мақаланы әзірлеген М.Ғабдуллин

атындағы жалпы білімм беретін орта мектеп КММ-ның тарих пәні мұғалімі Нурсеитов Т.О.

 

 

 

 

 

 

 

Просмотров: 477

Қосымшалар:



Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст